Стационарды алмастыратын көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 17 тамыздағы № 669 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 23 қыркүйекте № 12106 болып тіркелді.

       "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 7-бабы 1-тармағының 95) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

       1. Қоса беріліп отырған Стационарды алмастыратын көмек көрсету қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті:

       1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

       4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметті ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі А.В. Цойға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрі

Т. Дүйсенова

 

 

Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрінің
2015 жылғы 17 тамыздағы
№ 669 бұйрығымен бекітілген

 Стационарды алмастыратын көмек көрсету қағидалары

 1 тарау. Жалпы ережелер

       Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 25.12.2017 № 997 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Стационарды алмастыратын көмек көрсету қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) медициналық ұйымдардың стационарды алмастыратын көмек көрсету тәртібін айқындайды.

      1. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) күндізгі стационар - халыққа стационарды алмастыратын көмекті денсаулық сақтау субъект базасында көрсету;

      2) стационарды алмастыратын көмек-медициналық бақылау жасалатын, дәрігерге дейінгі, білікті, мамандандырылған медициналық көмекті, оның ішінде жоғары технологиялы медициналық көрсетілетін қызметтерді қолдана отырып ұсыну нысаны;

      3) үйдегі стационар - халыққа стационарды алмастыратын көмекті үйде көрсету;

      4) бейінді маман – жоғары медициналық білімі, белгілі бір мамандық бойынша сертификаты бар медицина қызметкері.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 25.12.2017 № 997 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Стационарды алмастыратын көмекті медициналық қызметтің тиісті түрлеріне лицензиясы бар денсаулық сақтау субъектілері көрсетеді.

      4. Күндізгі стационарлардағы стационарды алмастыратын көмекті амбулаториялық-емханалық, стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілері, үйдегі стационарларды – амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілер ұсынады.

      5. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі - ТМККК) шеңберінде күндізгі стационар және үйдегі стационар жағдайында ұсынылатын стационарды алмастыратын көмек осы пациентті емдеу үшін зертханалық, аспаптық зерттеулердің нәтижелері және қажетті бейінді мамандардың консультацияларымен алғашқы медициналық-санитариялық көмек маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша ұсынылады. Шұғыл көрсетілімдер бойынша стационарды алмастыратын көмек – жолдаманың болу-болмауына қарамастан көрсетіледі.

      6. ТМККК тізбесіне кірмейтін стационарды алмастыратын көмек көрсету қызметтері ақылы негізде көрсетіледі.

      7. ТМККК шеңберінде стационарды алмастыратын көмек көрсету кезінде тамақтандыру көзделмеген.

 2-тарау. Стационарды алмастыратын көмек көрсету тәртібі

       Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 25.12.2017 № 997 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

       8. Пациент күндізгі стационарға, үйдегі стационарға түскен кезде "Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен бекітілген нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 болып тіркелген (бұдан әрі – № 907 бұйрық) № 003-2/е нысаны бойынша күндізгі стационар (емхана, аурухана), үйдегі стационар науқасының картасы толтырылады.

      9. Пациент туралы мәліметтер бастапқы медициналық есепке алу құжаттамасында:

      1) № 907 бұйрықпен бекітілген № 001-1/е нысаны бойынша күндізгі стационардағы (емханадағы, ауруханадағы) науқастарды есепке алу журналында;

      2) № 907 бұйрықпен бекітілген № 001-2/е нысаны бойынша үйдегі стационар науқастарын есепке алу журналында тіркеледі.

      10. Жоғары медициналық білімі бар медицина қызметкері күндізгі стационарда және үйдегі стационарда стационарды алмастыратын көмек көрсеткен кезде пациентті күн сайын қарап-тексереді, жүргізіліп жатқан емді түзетеді, қажет болған кезде қосымша зертханалық, аспаптық зерттеулерді және бейінді мамандардың консультацияларын тағайындайды, зорлық-зомбылық фактілері және дене жарақаттары анықталған кезде емдеу-профилактикалық көмек көрсетеді, медициналық оңалту жүргізеді, жәбірленушілердің жүгіну фактілері және оларға көрсетілген медициналық көмек туралы ішкі істер органдарын хабардар етеді.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 25.12.2017 № 997 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      11. Пациентке қажетті барлық емшараларды амбулаториялық-емханалық және стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің жоғары медициналық білімі бар медицина қызметкерлері тағайындайды.

      12. Пациенттің жағдайы нашарлап, тәулік бойы бақылау қажет болған кезде пациент тез арада стационарға емдеуге жатқызылады.

      13. Жағдайы жақсарған және стационарды алмастыратын көмекті қажет етпейтін емді жалғастыру қажет болған жағдайда пациент амбулаториялық емделуге жіберіледі.

      14. Емдеу ұзақтығы пациент келіп түскен кезден бастап:

      1) гемодиализде, химиялық және сәулелік терапияда, медициналық оңалту мен қалпына келтіру еміндегі пациенттерді қоспағанда күндізгі стационарда 8 жұмыс күнінен аспайтын;

      2) үйдегі стационарда кемінде 3 жұмыс күні және жіті аурулар кезінде 5 жұмыс күнінен, созылмалы аурулар асқынған кезде 8 жұмыс күнінен аспайтын күнді құрайды.

      15. Хирургиялық аурулары бар пациенттер операциялық араласудан кейінгі бірінші тәулікте, терапиялық аурулармен жедел жағдайды тоқтату үшін жедел ауруханаға жатқызылғанда медициналық көмекті көрсету тәулік бойы бақылау қажет болған жағдайда күндізгі стационар жағдайында медицина персоналы мен экспрес зертхана жұмысты ауысыммен жүзеге асырады.

      16. Стационарды алмастыратын көмек алған пациентті шығару кезінде № 907 бұйрықпен бекітілген № 066-4/е нысаны бойынша күндізгі стационарда және үйдегі стационарда емдеуден өткен науқастың статистикалық картасы толтырылады.

      17. Қажетті ұсынымдарымен науқастың медициналық картасынан үзінді көшірме № 907 бұйрықпен бекітілген № 027/е нысаны бойынша пациенттің қолына беріледі.

      18. Үш жасқа дейінгі балалар күндізгі стационарға аналарымен (әкелерімен) немесе оларға тікелей күтім жасайтын өзге адамдармен бірге жатқызылады.

      19. Стационарды алмастыратын көмекті көрсету үшін медициналық көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдер аурудың нозологиялық нысанымен, аурудың ағымының сатысы мен дәрежесіне, негізгі аурулардың асқынулары мен қосалқы патологиясының болуымен айқындалады.

      20. Стационарды алмастыратын көмекті ұсыну үшін жалпы көрсетілімдер:

      1) тәуліктік стационардан шыққаннан кейін медициналық бақылаумен емдеу іс-шараларын жалғастыруды талап ететін аурулар;

      2) стационарлық емдеуден кейін медициналық оңалту мен қалпына келтіру емін жалғастыруды талап ететін аурулар;

      3) күндізгі стационар жағдайында емделуді талап ететін асқынған кездегі созылмалы аурулар болып табылады.

      21. Стационарды алмастыратын көмек көрсету үшін жалпы қарсы көрсетілімдер:

      1) осы ережелердің 15 тармағын көрсетілген жағдайларды қоспағанда тәулік бойы емшаралар жүргізуді және медициналық бақылауды талап ететін аурулар;

      2) эпидемиологиялық қауіп кезеңіндегі инфекциялық аурулар;

       3) "Әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағылар үшін қауіп төндіретін аурулардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 21 мамырдағы № 367 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11512 болып тіркелген) айналадағылар үшін қауіп төндіретін аурулар.

      Ескерту. 21-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 25.12.2017 № 997 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      22. Пациентті үйдегі стационарда қадағалап-қарау үшін стационарды алмастыратын медициналық көмек алу қажеттілігі кезінде пациентке күндізгі стационарды күнделікті баруға кедергі келтіретін ағзалардың функцияларының бұзылуы, сондай-ақ балаларда тұрақты алмастырушы ферментативті және бактерияға қарсы терапияны алу үшін маусымдық вирустық аурулар кезеңінде оқшаулануды талап ететін инфекциялық асқынулардың жоғары қаупімен байланысты орфандық (сирек кездесетін) аурулардың болуы көрсетілімдер болып табылады.

      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 25.12.2017 № 997 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      23. Төсектік режимді қажет ететін пациенттерге күндізгі стационар жағдайында медициналық көмек көрсетуге рұқсат етілмейді.

      24. Тұрғын үй-тұрмыстық жағдайы қанағаттанарлықсыз болған кезде үйдегі стационар жағдайында стационарды алмастыратын көмек көрсетуге рұқсат етілмейді.




© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК