Источник: ИС ПАРАГРАФ, 18.01.2010 19:56:36
Азаматтарды дәрілік заттармен қамтамасыз ету ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы № 2135 Қаулысы
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Азаматтарды дәрілік заттармен қамтамасыз ету ережесі бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Азаматтарды дәрілік заттармен қамтамасыз ету ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 6 қазандағы № 962 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 37, 409-құжат);
2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 6 қазандағы № 962 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 21 желтоқсандағы № 1259 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 47, 576-құжат).
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
К. Мәсімов |
Үкіметінің
2009 жылғы 15 желтоқсандағы
№ 2135 қаулысымен
бекітілген
Азаматтарды дәрілік заттармен қамтамасыз ету ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Азаматтарды дәрілік заттармен қамтамасыз ету ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексіне сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасының азаматтарын дәрілік заттармен қамтамасыз етудің бірыңғай тәртібін айқындайды.
2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) босатылатын баға - бір әкімшілік-аумақтық бірлік (облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың) шегінде босатылатын дәрілік заттардың, арнайы емдік өнімдердің, медициналық мақсаттағы бұйымдардың фармацевтикалық қызметтерді сатып алу нәтижелері бойынша белгіленген бағасы;
2) шығындарды өтеу - облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары (бұдан әрі - денсаулық сақтауды басқарудың жергілікті органдары) жеткізушіге фармацевтикалық қызметтер құнын өтеу мөлшері;
3) бірыңғай дистрибьютордан сатып алынатын дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың тізімі (бұдан әрі - бірыңғай дистрибьютордың тізімі) - сатып алынатын дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың халықаралық патенттелмеген атаулары мен техникалық сипаттамалары қамтылған, жыл сайын денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган әзірлейтін және бекітетін құжат;
4) фармацевтикалық қызмет - дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы ендіру, дайындау (медициналық техниканы қоспағанда), көтерме және бөлшек саудада өткізу бойынша денсаулық сақтау саласында жүзеге асырылатын, дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы сатып алуға (алуға), сақтауға, әкелуге, әкетуге, сапасын бақылауға, ресімдеуге, таратуға, пайдалануға және жоюға, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін, тиімділігін және сапасын қамтамасыз етуге байланысты қызмет.
3. Азаматтарды дәрілік заттармен қамтамасыз ету:
1) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі - ТМККК) шеңберінде жедел, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсету кезінде - дәрілік формулярға сәйкес;
2) ТМККК шеңберінде амбулаториялық-емханалық көмек көрсету кезінде - денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен халықты амбулаториялық деңгейде тегін және (немесе) жеңілдікпен қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар тізбесіне (бұдан әрі - тізбе) сәйкес;
3) дәрілік формулярға енгізілмеген дәрілік заттармен емдеу кезінде - ақылы негізде жүзеге асырылады.
4. Азаматтарды дәрілік заттармен қамтамасыз етуді ұйымдастыру:
1) дәрілік заттарға қажеттілікті анықтауды;
2) дәрілік заттарды амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөніндегі фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды;
3) дәрілік заттарды жеткізуді, бөлуді (қайта бөлуді), сақтауды және есепке алуды;
4) ТМККК шеңберінде дәрілік заттарды пайдалануды (тағайындауды);
5) дәрілік заттардың жанама әсерлеріне мониторингті жүзеге асыруды және дәрілік заттармен қамтамасыз ету туралы есептілікті ұсынуды қамтиды.
5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың дәрілік заттарға жалпы қажеттілігін медицина ұйымдарының қажеттілігі негізінде бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылдың 1 сәуіріне дейінгі мерзімде қалыптастырады.
6. ТМККК-де көзделген дәрілік заттарды сатып aлу «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша дәрілік заттарды, профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысына сәйкес жүргізіледі.
2. ТМККК шеңберінде жедел, стационарлық және стационарды
алмастыратын көмек көрсету кезінде дәрілік заттармен қамтамасыз
етуді ұйымдастыру
7. Дәрілік формулярды қалыптастыруды және дәрілік заттарға қажеттілікті анықтауды медицина ұйымының формулярлық комиссиясы медицина ұйымы бюджеттік бағдарлама әкімшісі көздеген бюджет қаражаты шегінде жүзеге асырады және медицина ұйымының басшысы бекітеді.
8. Медицина ұйымдарында дәрілік заттардың пайдаланылуын (тағайындалуын), жанама әсерлерінің мониторингі нәтижелерін талдау және дәрілік заттарды ұтымды пайдалану мәселелерін реттеу тұрақты жүзеге асырылады.
9. Медицина ұйымдарындағы дәрілік заттарға қажеттілік:
1) медицина ұйымының дәрілік формулярына сәйкес;
2) өңірдегі сырқаттану және эпидемиологиялық ахуал серпінінің деректері негізінде;
3) емделіп шыққан науқастардың тіркелімін ескере отырып;
4) өткен жылдағы дәрілік заттардың нақты тұтынылуын, келесі қаржы жылының 1 қаңтарына болжанып отырған қалдықты ескере отырып анықталады.
10. Бірыңғай дистрибьюторға арналған тізімді денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган:
1) республиканың медицина ұйымдары ұсынған халықаралық патенттелмеген атаулардағы, мөлшері және дәрілік нысаны көрсетілген дәрілік заттарға, сондай-ақ науқастарды стационарлық деңгейде қамтамасыз ету үшін медициналық емдеу шараларын жүзеге асыру кезінде қажетті медициналық мақсаттағы бұйымдарға қажеттілік негізінде;
2) республикалық дәрілік формулярға сәйкес қалыптастырады және бекітеді.
11. Негізделген жағдайларда (сырқаттану серпінінің өзгеруі, науқастың ауыстырылуы немесе көшірілуі, қайтыс болу) тиісті бюджеттік бағдарламалар шеңберінде жергілікті және республикалық бюджеттердің қаражаты есебінен сатып алынған дәрілік заттарды бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің шешімі бойынша денсаулық сақтау ұйымдары арасында қайта бөлуге жол беріледі.
12. ТМККК шеңберінде медициналық көмек көрсетуге арналған дәрілік заттар медицина ұйымдарында медициналық құжаттамада сомалық және сандық мәнде және дәрілік заттарды пайдалануды есепке алудың автоматтандырылған бағдарламасында есепке алынуы тиіс.
13. ТМККК шеңберінде медициналық көмек көрсетуге арналған дәрілік заттар және ақылы қызметтер көрсету үшін медицина ұйымының қаражаты есебінен сатып алынған дәрілік заттар бөлек сақталуы және есепке алынуы тиіс.
14. ТМККК шеңберінде жедел, стационарлық, стационарды алмастыратын көмек көрсету үшін түскен дәрілік заттар медицина ұйымының атауы, оның мекен-жайы көрсетіле отырып, медицина ұйымының арнайы мөртаңбасымен және «Тегін» деген белгімен белгіленеді.
15. Қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде бір рет медицина ұйымдарында сақталатын дәрілік заттарды түгендеу жүргізіледі.
16. Жедел жәрдем көрсету кезінде көрсетілген жедел жәрдем туралы пайдаланылған дәрілік заттардың атаулары мен көлемдері көрсетілген ақпарат денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша медициналық құжаттамада көрсетіледі. Жедел жәрдем ұйымы ақпаратты науқастың тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін медицина ұйымына береді.
17. Стационарлық, стационарды алмастыратын медициналық көмек көрсететін медицина ұйымдарында азаматтарды медициналық емдеу шараларын жүзеге асыру үшін, сондай-ақ дәрілік заттарды енгізу және енгізілуін бақылау үшін қажетті дәрілік заттармен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету нысанын денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітетін тағайындау парақтарының негізінде жүзеге асырылады. Тағайындау парағы науқастың (сауығушының) сырқатнамасына (санаториялық-курорттық картасына) тігіледі.
Ақылы медициналық қызметтер көрсету үшін дәрілік заттар тағайындалған кезде тағайындау парағында «Ақылы медициналық қызметтер» деген белгі, ал сырқатнамаға (санаториялық-курорттық картасына) «Ақылы медициналық қызметтер» деген жазба жазылады. Медицина персоналы берген (пайдаланылған) дәрілік заттар тағайындау парағына жазылады.
3. ТМKКK шеңберінде амбулаториялық-емханалық көмек көрсету
кезінде дәрілік заттармен қамтамасыз етуді ұйымдастыру
18. ТМККК шеңберінде амбулаториялық-емханалық көмек көрсету кезінде (бұдан әрі - амбулаториялық-емханалық көмек) азаматтарды дәрілік заттармен қамтамасыз ету Тізбеге сәйкес жүзеге асырылады.
19. Тізбені денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган қалыптастырады және бекітеді.
20. Тізбеге енгізілетін дәрілік заттарға қажеттілікті медицина ұйымдары:
1) азаматтардың жекелеген санаттарының болжанатын санына және Тізбеде көрсетілген аурулардың түрлері бойынша өңірдегі сырқаттану серпіні мен эпидемиологиялық ахуалға байланысты;
2) дәрілік заттардың алдыңғы жылдағы нақты тұтынылуын (емделген науқастардын тіркелімі) ескере отырып анықтайды.
21. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін медицина ұйымдарының және ТМККК шеңберінде фармацевтикалық қызметтерді жүзеге асыратын дәрілік заттардың айналысы саласындағы объектілердің көрнекі ақпарат ілінетін орындарында пациенттерге арналған мынадай ақпарат:
1) тізбе;
2) ТМККК шеңберінде фармацевтикалық қызметтерді жүзеге асыратын амбулаториялық-емханалық айналысы саласындағы объектілердің мекен-жайлары;
3) амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жүзеге асыратын амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдардың мекен-жайлары орналастырылады.
22. Азаматтарды тізбе бойынша дәрілік заттармен қамтамасыз ету бар 110 елді мекендерде дәрілік заттарды және медициналық мақсаттағы бұйымдарды бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар және медициналық техника айналысы саласындағы объектілер арқылы тегін және (немесе) жеңілдікті рецептілер бойынша, науқастың жеке басын куәландыратын құжатты (пациенттің туу туралы куәлігін) немесе оның көшірмесін көрсеткен кезде жүзеге асырылады.
Нәрестелерге ана мен бала дәрі қобдишасы перзентханадан шығарған кезде бюджеттік бағдарлама әкімшісінің шешімі бойынша бюджеттік бағдарламаның әкімшісі мен өнім беруші арасында жасалған шарт талаптарында өнім беруші берілуге тиіс ана мен бала дәрі қобдишасының белгілі бір санын беруге міндетті ереже болған жағдайда беріледі. «Нәрестенің даму тарихына» және берілген ана мен бала дәрі қобдишаларының тізіліміне берілгені туралы белгі соғылады. Берілген ана мен бала дәрі қобдишаларының тізілімі қызметтерді көрсетушіге беріледі.
23. Науқастарды амбулаториялық емдеу кезінде қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар ТМККК шеңберінде фармацевтикалық қызметтерді жүзеге асыратын дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналысы саласындағы объектілер арқылы босатылады.
Құрамында есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар дәрілік заттармен қамтамасыз ету есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар және медициналық техника айналысы саласындағы объектілер арқылы жүзеге асырылады. Елді мекенде есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар дәрілік заттар айналысы саласындағы объектілер болмаған жағдайда қамтамасыз ету есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар медицина ұйымдары арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
24. Туберкулезден зардап шегетін азаматтар амбулаториялық емдеу кезінде туберкулезге қарсы мекемелер арқылы туберкулезге қарсы дәрілік заттармен тегін қамтамасыз етіледі. Елді мекенде туберкулезге қарсы мекеме болмаған жағдайда қамтамасыз ету алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін медицина ұйымдары арқылы жүзеге асырылады.
25. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ету кезінде амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөніндегі фармацевтикалық қызметтерді көрсетушінің босату бағасын денсаулық сақтауды басқарудың жергілікті органдары толық өтейді.
Жеңілдікті негізде амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кезінде азаматтар амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді көрсетуші мен денсаулық сақтауды басқарудың жергілікті органдары арасындағы шартта белгіленген дәрілік заттардың босатылатын бағасы мен өтеу сомасы арасындағы айырманы төлейді.
26. Амбулаториялық-емханалық көмек көрсету үшін сатып алынған барлық дәрілік заттар сомалық және сандық түрде дәрілік заттарды пайдалануды есепке алудың автоматтандырылған бағдарламасында есепке алынуы тиіс.
27. Ай сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың бірінші күніне дейінгі мерзімде денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша денсаулық сақтауды басқарудың жергілікті органдарына:
1) амбулаториялық-емханалық көмек көрсетуші медицина ұйымдары-амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін жазылған рецептілер тізілімін;
2) фармацевтикалық қызметтерді көрсетушілер - дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды босату жүзеге асырылған рецептілер тізілімін ұсынады.
28. Денсаулық сақтауды басқарудың жергілікті органдары ұсынылған рецептілердің тізілімін салыстыру қорытындылары бойынша фармацевтикалық қызметтерді көрсетушілердің шығыстарын өтейді.
Рецептілерді ресімдеу бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда фармацевтикалық қызметтерді көрсетушілер мұндай рецептілер деректерінің дұрыстығын нақтылау мен тиісінше ресімделуі жөнінде шаралар қабылдайды.
Мұндай жағдайда азаматтар дәрілік заттармен тегін немесе жеңілдікті шарттармен қамтамасыз етіледі, ал шығыстарды өтеу бұзушылықтарды жойғаннан кейін жүргізіледі.
29. Азаматтарды Тізбеге енгізілген дәрілік заттармен қамтамасыз етуді талдау мақсатында денсаулық сақтауды басқарудың жергілікті органдары дәрілік заттар айналысы саласындағы уәкілетті органға ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бесінші күніне қарай амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін жазылған және босатылған дәрілік заттар жөніндегі деректерді электронды түрде жолдайды.
30. Амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарында азаматтарды дәрілік заттармен қамтамасыз ету кезінде дәрілік заттарды ұтымды пайдалану және олардың жанама әсерлерінің мониторингі нәтижелерін талдау тұрақты жүзеге асырылады.